Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мемлекеттік жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастардың мұңын жеткізген мәжіліс депутаттарына жауап берді. Депутаттар бұл жастардың пәтерді босатуы тиіс уақыттың жақындағанын, сәйкесінше олардың дала қалу қаупі барын көтерген болатын.
Қанат Бозымбаев бұл бағдарлама 2019 жылдан бастап іске қосылғанын және оның алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Алайда, оның сөзінше Үкімет жастарға жалға берілетін пәтерлерді сатып алу құқығын беру мәселесін қарастырмайды.
Бұл ретте ол аталған бағдарламаның мақсаты жастарға тұрғын үй сатып алуға қаражат жинауға мүмкіндік беру және оларды қаражатты ұқыпты жинауға ынталандыру екенін еске салды.
"Жалға алушылардың жиі ауысуы және жаңа жалға берілетін пәтерлер салу есебінен бұл тетік тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барынша көп санын қамтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Тетікті одан әрі іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға аталған қалаларда қосымша 9 мың жалға берілетін пәтер (жыл сайын 3 мың пәтер) сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 96,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отыр", – деді Қанат Бозымбаев.
Оқи отырыңыз: Дәулет Мұқаев "Жас отбасы" ипотекасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды сұрады
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың дерегінше, 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтаған. Алайда олардың басым бөлігі әлі баспаналы болмаған және баспана алуға не ипотека рәсімдеуге қажетті қаражатты жинап үлгермеген.