
Қазақстанда борышкер жандардың есепшотынан қарызды өндіріп алу тәжірибесі қолданылады. Бірақ, Үкімет қарызды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді және тағы басқаны аударуға арналған банк шоттарындағы ақшадан алуға тыйым салған. Бұл қатарға зейнетақы төлемдерін қосу туралы мәжіліс депутаттарының ұсынысына премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда зейнетақы бұл жеңілдікке ие төлем түрлеріне жатқызылмаған. Әлеуметтік кодекстің 203-бабына сәйкес зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық іс жүргізу тәртібімен жүргізілуі мүмкін. Алайда, зейнетақыдан ұстап қалу төлемі 50 пайыздан аспауы керек.
"Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, егер зейнетақы төлемдерін үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық қорғау енгізілетін болса, онда зейнеткерлерге берілетін несиелердің қайтарылуын қамтамасыз етуі қиынға соғуы ықтимал. Осылайша, банктер өз кезегінде аталған санаттағы азаматтарға несие беруді қатаңдату немесе оны тоқтатуды қарастыру мүмкін. Алайда, бұл осы банк өнімін пайдаланатын зейнеткерлер арасында келіспеушілік туғызады", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, зейнеткерлердің қарызын кешіру барлық қарыз алушылардың, оның ішінде төлеу қабілеттілігі бар азаматтардың наразылығын тудыруы, масылдықтың өсіріп, кредиттік тәртіпке теріс әсер етуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгереді