Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков "Болашақ" бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алған Қазақстан жастарының елге қайтқысы келмейтінін айтты.
"Бүгінде әлемнің үздік университеттерінде білім алған студенттер мен жас мамандар мейлінше сол елдерде жұмыс бабымен қалғысы келетіні анық. Оған қоса, елге сапалы білім алып келген жастар үшін арнайы жұмыс ортасын қалыптастыра алмау себепті түлектердің біразы өзінің кәсіби дағдыларын күшейту мақсатында Қазақстаннан қайта кетеді", – деді депутат.
Осы ретте Тілектес Адамбеков Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания сияқты елдердің өз ұлттарының мәдениетін, салт-дәстүрі мен ділін, тілі мен ғылыми жаңалықтарын дәріптеу мақсатында түрлі ұйым мен арнайы орталықтар ашқанын тілге тиек етті.
Оқи отырыңыз: Шетелге оқу іздеп кететін мектеп түлектерінің саны азайып келеді
Депутаттың айтуынша, Қытайда 14 мыңнан астам қазақстандық студенттер мен ғалымдар Kazakhstan Students Association in China деп аталатын ұйымның жанына біріккен.
"Бірақ, мұндай мысалдар өте аз. Ел болғалы 30 жыл, ал шетелде білім алуды ұйымдастырғалы 25 жыл өтсе де, әлем бойынша қазақ студенттері мен жас ғалымдарын біріктіру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалмай келеді", – деді
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясына 2023 жылы қай уақытта құжат тапсыруға болады?
Депутат аталған мәселелерді шешу үшін сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен жоғарғы білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекке:
- шетелдегі қазақстандық елшіліктердің студенттермен жұмыс жасауын жүйелі түрде пысықтауды және қазақ мәдениеті мен руханиятын, тілі мен ғылымын өзге елде сапалы насихаттайтын "Қазақ мәдени орталықтарын" ашуды жүйелі жалғастыруды;
- мемлекеттік деңгейде шетелдегі қазақстандық студенттердің құқығын қорғайтын, олардың рухани, мәдени дамуы үшін жан-жақты қолдау көрсетіп, қазақ жастарын біріктіріп жүрген ұйымдармен байланыс орнату арқылы, оларды бір арнаға тоғыстыратын жұмыс жасауды ұсынды.