Тікелей эфир

БҚО-да биыл 900 мыңға жуық көркем әдебиет сатып алынады

depositphotos.com
depositphotos.com
Батыс Қазақстан облысында 2022-2023 оқу жылына балаларды кітаппен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 883 773 дана көркем әдебиет алынады.

Қаржының басым бөлігі 2-сынып оқулықтары, көркем әдебиеттер, мектепалды даярлық сыныптары мен 1-сынып дәптерлерін сатып алуға жұмсалады. Бұл туралы БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева айтты. 

Бүгінде облыста оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және отбасылық кітап оқуды насихаттау мақсатында "Оқуға құштар мектеп" жобасы жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан басталуы тиіс" деген тапсырмасын орындау мақсатында енгізілген. 

"Жоба аясында отбасылық кітап оқуды насихаттау дәстүрін жаңғырту, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді шаралар көзделген. Оқырманды жанұясымен бірге ктіап оқуға баулу мақсатында үнемі  акциялар ұйымдастырылып отырады. Бұл оларға мотивация берері сөзсіз", – деді БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева. 

Сонымен қатар, балалар жылында облыстағы мектептерде жаңа жобалар да қолға алынған. Бүгінде "Тарихи тұлға ұрпағымыз" жобасы, "Bilim high" телевизиялық жобасы, "JuniorSkills-2022" аймақтық біріншілігі, "Экомектеп" және "Экобалабақша" жобалары іске асырылып жатыр.

"Мектептен тыс жұмыс орталықтарында және мектеп жанында шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Әрі оқушының бос уақытын тиімді пайдалану және жаңа таланттарды ашу бағытында "Balatime" жобасы жүргізілуде. Ал білім беру ұйымдарында факультативтік курс болып енгізілген "Altyn urpak" жобасы-ұлттық спорт, музыка, би өнері арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын дамыту, патриоттық сезімін қалыптастыру маңыздылығын айқындайды", – деді Светлана Темірғалиева.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылған қалалық 41 мектептің асханасы автоматтандыру жүйесіне қосылады. Әрі балаларды тасымалдауға арналған 54 мектеп автобусын сатып алу жоспарланып отыр.

Серіктестер жаңалықтары