Алакөл көлінің бағытында пойыздар Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 12 бағыт бойынша қатынайтын болады. Сондай-ақ, биыл алғаш рет бұл бағытта Қызылордадан пойыз жүреді, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
10 бағыт бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздары, ал 2 бағыт бойынша – жеке тасымалдаушылар құрамы жолаушы тасымалдайды.
"Теміржол көлігі еліміздің туризм саласын дамытуда шешуші рөль атқарады. Біз жыл сайын Алакөл курорттық аймағына жолаушылардың тасымалдауға деген сұранысы артқанын байқаймыз. Сондықтан осы жазғы маусымға Алакөл көліне дейінгі пойыздардағы орындардың санын арттыру мақсатында, өткен жылмен салыстырғанда 16 мыңға, яғни 270 мың орынға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдадық", – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма Төрағасы Жәнібек Тайжанов.
Алакөл бағытындағы пойыздар туристер үшін танымал Жалаңашкөл, Ақши және Бескөл станцияларында тоқтайды.
Оқи отырыңыз: Биыл жазда Алакөлге қандай әуе және теміржол көліктерімен баруға болады