2021 жылы Алматының 6 мыңнан астам тұрғыны баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев мәлімдеді.
Данияр Қырықбаевтың айтуынша, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жандардың кезегінде 30 880 азамат тұр. Оның ішінде: 1 908 – жетім балалар; 3 268 – көпбалалы отбасылар; 11 292 – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері; 14 412 – халықтың әлеуметтік осал топтары.
"Жыл басынан бері 1 909 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 41 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды, яғни жалдамалы, сатып алу құқығынсыз. 1117 – "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша 13 миллиард 500 млн теңгеге жуық, тағы 85 адам – "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша (2-10- 20) 118 млн 400 мың теңгеге және 666 адам "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша (5-10-25) 8 миллиард 800 миллион теңге сомасында", – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Биыл 6 047 алматылықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде:
- 1 451 адам – жалдамалы баспанаға сатып алу құқығынсыз көшеді;
- 401 адамға пәтер сатып алу құқығынсыз жалға (185 – көпбалалы отбасылар; 216 – халықтың әлеуметтік осал топтары) беріледі;
- 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға – 1 050 пәтер сатып алу құқығынсыз 5 жылға беріледі;
- 35 жасқа дейінгі азаматтарға – "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1 000 пәтер беріледі.
"Шаңырақ", "Бақытты отбасы", "Несиелік тұрғын үй" жеңілдік несиелік бағдарламалары бойынша бастапқы төлем үшін номиналы 1 миллион теңгені құрайтын 2 000 қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын беру туралы шешім қабылданды", – деді басқарма басшысы.
Тұрғын үй сертификаты жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге беріледі. Еске салсақ, 2 шілдеден 17 тамыз аралығында 127 өтінім қабылданып, мақұлданды.