Тікелей эфир

Бірыңғай корпоративтік қор құрылады: Креативті индустрия саласында 40 мыңға жуық кәсіпкер бар

Қазақстанда креативті индустрия саласындағы экономиканы дамытуға жағдай жасауға назар аударылып келеді.

Қазақстанда креативті индустрия орталықтары үш ірі қалада – Астана, Алматы, Шымкентте шоғырланған. Таланттарды танытатын орталықтарды әр облыс, әр қалада ашу жөніндегі президент тапсырмасын орындау бағытында жұмыстар қалай жүріп жатқанын Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаева айтып берді.

Департамент директорының айтуынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді. Құжатқа бірнеше түзету енгізілген. Оның ішінде креативті индустрия саласында уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейту және креативті индустриялар өкілдерін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де бар. Сондай-ақ, "Сәтті жұлдыз" ұлттық лотереясы табысының 3% мөлшерін аудару, креативті индустриялар саласында талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу қамтылған. Айта кетейік, креативті индустрия үшін қор құру да қарастырылған.

"Креативті индустриялардың өкілдерін көлеңкелі экономикадан шығару, бизнесті ірілендіру және оларды ынталандыру мақсатында осы саланың субъектілері үшін салық салуды жеңілдету бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын экономикалық қызметтің тізімі кеңейтілді, оған креативті индустриялардың 40 түрі кірді. Енді бизнес салықтың барлық түрлерін (КТС, ЖТС, ҚҚС) төлеуден босатылады және бірыңғай салық төлейтін болады. Оның мөлшері жеке кәсіпкер үшін 2-4%, жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін 8%", – дейді Гүлісхан Нахбаева.

Оның айтуынша, бұл жеңілдікті 30 мыңнан аса кәсіпкер пайдалана алады. 

Президент тапсырмасынан кейін қабылданған шаралардың бірі – "Креатив хаб"" халықаралық креативті индустрия орталығы" корпоративтік қорын құру. Нақбаеваның сөзінше, бұл қордың басты мақсаты – таланттарды іздеу және қолдау. Сондай-ақ кретивті индустриядағы өнім мен зияткерлік қызмет нәтижелерін экспорттау, коммерцияландыру қызметін атқарады.

"Қазір кино, бейнефильмдер шығару, музыкалық шығармалар және дыбыс жазу, көркем және әдеби шығармашылық, телевизиялық бағдарламаларды құру және тарату, мамандандырылған дизайн саласындағы қызмет ең прогрессивті және табысты болып отыр", – дейді департамент директоры.

Айтуынша, өңірлерде креативті хаб желісін қалыптастыру мақсатында жыл басынан бастап "Қазпошта" АҚ-мен өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылған. Оның желісі бойынша Түркістан қаласында, Павлодар облысының Ақсу қаласында және Қызылорда облысының Шиелі ауылында хабтар ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" АҚ-пен бірлесіп Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Маңғыстау облыстарындағы креативті хабтарды жандандыру және материалдық-техникалық жарақтандыру жоспары әзірленген.

Айта кетейік, елімізде креативті индустриялар саласында 39,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл бағыттағы жұмысқа 133 мыңға жуық адам жұмылдырылған. ШОБ-тың ең көп саны "кино және аннимация", "сәулет және сән", "дизайн қызметі", "көркем және әдеби шығармашылық", "халық қолөнері" сияқты бағыттарда тіркелген.

Креативті индустриялар саласында жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Алматы қаласы (28 437 адам), Астана қаласы (27 050 адам), Қарағанды облысы (8 297 адам), Шығыс Қазақстан облысы (7 953 адам), Шымкент қаласы (6 373 адам) бес өңір көш бастап тұр.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қазақстанда креативті индустрия саласындағы экономиканы дамытуға жағдай жасауға назар аудару керектігін айтқан еді. 

"Креативті индустрия нысандарының өндірістік процестегі ерекшеліктері оларға кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатысуға, қаржы тартуға мүмкіндік бермейді. "Креатив иелерін" қолдау шараларының жеке пакетін әзірлеу қажет деп санаймын", – деген еді президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары