Тікелей эфир

Бірінші сыныпқа баратын 12 мың оқушы мектеп сөмкесін сыйға алды

"Самұрық-Қазына" қоры "Мектепке жол" акциясына өз үлесін қосты.

Жалпыреспубликалық "Мектепке жол" акциясы аясында "Самұрық-Қазына" қоры қоржындық компаниялары қызмет ететін өңірлердегі тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп сөмкесін тарту етті. Әрбір сөмке оқу стандарттарына сай, мектепке қажетті оқу құралдарымен жабдықталған.

Қор жобасын жүзеге асыруға Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан 185 миллион теңге бөлініп, қор жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы оқу құралдарын сатып алудан бастап, жинақтап, өңірлердегі балаларға табыстау жұмыстарын ұйымдастырды.

Қазақстанның 10 өңіріндегі тұрмысы төмен отбасылардың биыл бірінші сыныпқа баратын балаларының тізімін жергілікті әкімдіктер ұсынған. Балалардың әрбіріне сыйға берілетін сөмке құны ішіндегі жабдықтарымен бірге 15 мың теңгені құрайды.

Сөмкелерді жабдықтау мен оларды балаларға жеткізуге қорға қарасты компаниялар қызметкерлері мен жергілікті волонтерлік ұйымдар тартылған. Сондай-ақ, жеткізу ісіне "Қазпошта" АҚ да өз үлесін қосты.

"Игі іске қор компанияларының волонтерлері өз еркімен атсалысып, Алматыда бар болғаны бірнеше күн ішінде 12 мың сөмкені әзірлеп шықтық. Ұлдарға көк, қыздарға қызыл түсті сөмке жасақталды. Өңірлерге жеткізілген сөмкелерді балалар мен олардың ата-аналарына табыстауда жергілікті компаниялардың мамандары үлкен еңбек сіңірді", – деді жоба үйлестірушісі Айгүл Смайылова.

Айта кетейік, "Мектепке жол" акциясына "Самұрық-Қазына" қорының қоржындық компаниялары жылда қатысады. Биылдың ерекшелігі – балаларға тарту дайындау жұмыстары бір орталықтан ұйымдастырылып, жүргізілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары