Бір жастағы қызды жұлқылап, қолын шығарып алған тәрбиеші жұмыстан қуылды

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Осы жайттардан кейін тәрбиешінің көмекшісі де жұмыстан босатылды.

Маңғыстау облысында бір жастағы қызды жұлқылап, қолын шығарып алған тәрбиеші жұмыстан қуылды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бөбекжай қызметкері кішкентай бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек те көрсетпеген екен. Баланың жарақат алғанын ата-анасы үйіне келгенде бір-ақ біліпті. Мұнайлы ауданындағы жекеменшік балабақшаға алып-ұшып жеткен ата-ана бейнебақылау камерасын көтерген. 

Тәрбиешінің тыныш жүрген қыздың қолынан тартып көтеріп, орындыққа отырғызып жатқанын байқаған. Бірақ қыз жыламапты. Тек үйге барғанда қолының ауырып тұрғанын айтқан. Бейнежазбаны көру барысында қызметкердің гигиена талаптарын сақтамай, екі ыдысқа құйылған сорпаны бір қасықпен 8 балаға бергені анықталды. 

Осы жайттардан кейін тәрбиешінің көмекшісі де жұмыстан босатылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшысы қарамағындағы қызметкерлеріне шаң жуытпай, бұл оқиға абайсызда болған деп отыр.

"Тәрбиеші ол жерде тек баланы орнынан көтерген. Құзырлы органдар да ол видеоны көрді. Бұл жерде зорлық-зомбылық әрекеті жоқ. Ал тамақтандыруға келетін болсақ, қызметкер артық ыдыс-аяқтарды жуғысы келмей, өзінің жұмысын жеңілдету үшін солай жасаған. Сол күні мен жұмыста болмадым, жылдың басы болған соң балабақшаға өзгерістер енгізейін деп орталықтың шаруасымен сыртқа шығып кеткен болатынмын", – деді жекеменшік балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова. 

 

Серіктестер жаңалықтары