Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиынында вице-министр Қуаныш Ерғалиев жоғары оқу орындарындағы түлектерді еңбекпен қамту жөніндегі комиссиялардың формальды түрде ғана жұмыс істейтінін айтты.
"Бұл университеттердің жергілікті әкімдермен байланысының әлсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ, түлектерді жұмыспен қамтуға арналған шаралар жеткіліксіз. Жұмыс берушілердің түлектерді практика мен жұмысқа орналастыру шараларына қатысуы төмен", – деді ол.
Қазақстанда қазіргі таңда 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың:
- 60 пайызы қазақ тілінде;
- 26 пайызы орыс тілінде;
- 6 пайызы ағылшын тілінде білім береді.
Аталған білім ошақтарында 36 378 профессор дәріс беріп жатыр. Биыл 155 694 студент жоғары оқу орнын тәмамдайды.
"Бүгінде грантпен оқыған түлектерді жұмыспен қамту нормасы бекітілген. Ол үшін білім туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді түлектерге мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке ұйымдарда да жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр. Түлектерді еңбекпен қамту үшін 55 ЖОО-да мансаптық және кәсіби дамыту орталықтары жұмыс істейді", – деді Қуаныш Ерғалиев.
Оқи отырыңыз: Қазақ тілінде алғаш рет MBA бағдарламасы ашылды