2021 жылдың төртінші тоқсанында білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 219,2 мың теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2% көп. Сектордағы сатып алу қабілеті бір жыл ішінде 14,3% өсті, деп хабарлайды ranking.kz сайты.
Ал Қазақстандағы жалпы орташа жалақы 275,6 мың теңгені құрады. Бұл білім беру саласынікіне қарағанда 25,7% көп. 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 176,5 мың теңге болған еді. Бұл мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 25,9% көп.
Ең жоғары жалақыны жоғары білім беру секторындағы қызметкерлер алады – 299 мың теңге. Керісінше ең аз жалақыны мектепке дейінгі білім беру саласындағылар алады – 112,6 мың теңге. Орта білім беру секторындағы қызметкерлер 246,9 мың теңге жалақы алады, қосымша білім секторындағылар – 203,7 мың теңге, ал бастауыш сыныпқа сабақ беретіндер – 180,1 мың теңге. Ал басқа білім беру саласындағылар – 175,4 мың теңге.
Өңірлер бойынша ең жоғары жалақы алатындар:
- Нұр-Сұлтан – 344,5 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда 15,7% көп;
- Алматы – 265,4 мың теңге;
- Алматы облысы – 247,4 мың теңге.
Бәрінен аз Батыс Қазақстан облысындағы ұстаздар алады 181,7 мың теңге.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда британдық университеттің филиалы ашылады
Өткен жылдың төртінші тоқсанында секторда 1,1 млн адамның жұмыс істегені белгілі болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1% көп.
Қызметкерлер саны жағынан келесі өңірлер алда келеді:
- Түркістан облысы – 142,9 мың адам, бір жылда 3,2% өскен;
- Алматы облысы – 128,6 мың адам;
- Алматы – 91,2 мың адам.
Ал керісінше ең аз адам Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 35,2 адам.
US News & World Report білім беру саласы үшін үздік елдер рейтингінде Қазақстан 78 елдің ішінде 71-орында. Сарапшылар пікірінше, рейтингте АҚШ, Ұлыбритания, Германия көш бастап тұр. Ең соңғы орында Гватемала орналасты.
ТМД елдері ішінде Қазақстан Өзбекстаннан ғана жоғары орналасты. Ал Ресей, Украина, Беларусь және Әзербайжанда білім сапасы Қазақстанға қарағанда жоғары болып шықты.