Қазақстандық QazVac вакцинасы "Дельта" штамынан тиімді қорғайды. Мұндай нәтижелерді Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүргізген зерттеулер көрсетті. Ғалымдар бейтараптандыру реакциясына тест өткізді, нәтижесінде отандық QazVac вакцинасымен егілгендер антиденелердің жоғары деңгейін көрсетті. Вирусты бейтараптандыратын антиденелер клиникалық зерттеулерге қатысқан еріктілердің 90%-нан астамында анықталды.
Сондай-ақ, зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргізілді. QazVac вакцинациясынан кейін хомяктарда пайда болған антиденелер коронавирустың "үнді штаммын" бейтараптандыруға қабілетті екендігі анықталды.
"Біз QazVac вакцинасы құрған антиденелердің "Ухань", "Британдық альфа", "Үнділік дельта" сияқты коронавирустың жаңа штамдарын бейтараптандыру қабілетін анықтау мақсатында зерттеу жүргіздік. Нәтижелер вакцинациядан кейінгі антиденелердің иммунитетті қалыптастыратынын және вирустың үш түрін де бейтараптандыруға қабілетті екенін көрсетті. Сондай-ақ біз зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргіздік: QazVac вакцинасын алған және вакцинацияланбаған зертханалық хомяктарды алдық. Біраз уақыттан кейін оларға дельта штаммын жұқтырдық. Нәтижесінде вакцинацияланбаған хомяктар коронавирустың "Дельта" штаммын жұқтырды. Ал QazVac вакцинасымен егілген жануарлар ауырмай, "дельта" вирусының штаммынан қорғалған болып шықты", – деп атап өтті БҒМ ҒК биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Алынған мәліметтер QazVac-тың коронавирустың бар штамдарына қарсы тиімділігін, оның ішінде отандық вакцинаның дельта штаммынан қорғау қабілетін растады.