Тікелей эфир

Беті көгеріп, миы шайқалған: Балабақшадағы қорлау қашан тоқтайды?

Павлодарда жекеменшік балабақшаға барған екі жасар бүлдіршіннің беті көгеріп, миы шайқалған.

Павлодар қаласының тұрғыны Аружан Қасенова бірнеше күн бұрын екі жасар қызы Севараны жекеменшік балабақшаға берген. Бөбекжайдан қызының беті ісіп, денесі бірнеше жерден көгеріп қайтқан. Бүлдіршіннің аяғында да көгерген іздер болған. Қыздың ата-анасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Балабақшадағы тәрбиеші телефон арқылы қызым нашар ұйықтап, жылағаннан беті қызарып кеткенін айтты. Баланы ешкім ұрмағанын және барлығы жақсы екеніне сендірді. Қызымды алып кетуге барсам, беті ісіп кеткен. Әр жерінде үлкен гематомалар болды. Бірден жедел жәрдем шақыртып, МРТ жасаттық. Дәрігерлер "бас-миының шайқалуы" деген диагноз қойды. Бұдан кейін ғана балабақшадағылар қыздың құлағанын мойындап, кешірім сұрады", – деді Аружан Қасенова.


Оқи отырыңыз: 6 жасқа толған балалар балабақшадан мәжбүрлеп шығарылып жатыр. Оқу министрлігі бұған не дейді?


Ол қызы құлап қалғанына сенбейді.

"Балабақша басшылығы бұған дейін айтқандарын толығымен жоққа шығарды. Олар қызым төсекке соғылып, құлағанын айтуда, бірақ мен сенбеймін. Осыншама гематомалар құлағаннан пайда болмайды. Менің қызымды ұрып-соққан. Басынан бөлек, омыртқа және жанбасының жаны көгерген", – деді ол.

Балабақшада бейнебақылау камералары жұмыс істемейді. Мекеме басшысы пікір білдіруден бас тартты. Ал жәбірленушінің арызы бойынша қазір полиция "балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы бойынша мән-жайлар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова.


Оқи отырыңыз: Елордадағы "Еркетай" балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамаған.


Білім сапасына жауапты департамент бұған дейін балабақшаға қатысты бір де бір шағым болмағанын айтты.

"Білім беру ұйымының басшысына өз міндеттерін атқармағаны үшін айыппұл салуға әкеп соғады. Осыған сәйкес департаментпен тиісінше шаралар жүргізіледі. Осы кезеңге дейін осы балабақша бойынша шағымдар түскен жоқ", – деді Павлодар облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ләззат Жақиянова.

Серіктестер жаңалықтары