Қазақстанның барлық дерлік өңірінде әуежайға жақын маңда тиісті келісімсіз 100 мыңнан астам түрлі құрылыс объектісі салынған, деп мәлімдеді бас прокурор Берік Асылов.
"ҚР əуе кеңістігін пайдалану жəне авиация қызметі туралы" заңның 90-бабының 4-тармағына сəйкес əуеайлақтың бақылау нүктесінен 15 километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды жəне құстарды тартумен жəне олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады. Алайда Қазақстанда осы тыйымға қарамастан əуежайлардың əуеайлақ маңындағы аумақтарында құстар топталып жиналатын 350 объекті салынған.
"Әуежайлардың жанында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен рұқсат етілмеген полигондардың салынуы әуе тасымалы қауіпсіздігін нашарлатты. Мысалы, Алматы қаласының əуежай аймағында осындай оннан астам нысан жұмыс істейді. Өз кезегінде, азаматтық авиация комитетінің мақұлдауынсыз Шымкент қаласы əуежайының 4 шақырымдық аймағында 1 303 объекті салынды", – деп жазды Берік Асылов депутаттық сауалға жауабында.
Оқи отырыңыз: Шымкент тұрғындары халықаралық әуежайды көшіруді талап етті
Мұнымен қатар, бас прокурор осыған ұқсас фактілердің Қостанай облысынан басқа барлық өңірде анықталғанын, тиісті келісімсіз 100 мыңнан астам түрлі құрылыс объектісі салынғанын айтты.