Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь Республикасы Ұйымның толыққанды мүшесі болды.
Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. Бастапқыда диалог бойынша әріптес болды, кейін бақылаушы мәртебесін алды.
Отырысты ашқан төраға, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусьтың ұйымға мүше болу үшін барлық қажет рәсімді орындағанын жеткізді.
Бұдан кейін осы елді ресми түрде ұйым қатарына қабылдауды ұсынды. Тоғыз елдің басшысы арнайы құжатқа қол қойды. Осылайша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің саны 10-ға жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделді халықаралық ұйымға айналғанын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның Мемлекет пен Үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның Сыртқы істер министрі, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы директоры қатысып жатыр.
Саммитке сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.
ШЫҰ саммиті алғаш рет "ШЫҰ-ға мүше Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы" және "ШЫҰ+" кездесуі форматында өтіп жатыр.