
Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына орай, Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұрудың жаңа ережелерін түсіндірді. Бұл тәртіп 2024 жылғы қарашада қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында қамтылған.
"Енді соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұруға құқылы. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйді есепке қою және бөлу жөніндегі функциялары "Отбасы банк" АҚ базасында құрылған Ұлттық даму институтына берілді. Ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз ету үшін "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" ақпараттық жүйесі құрылды. Онда азаматтардың өтініштері онлайн форматта қабылданады, тұрғын үйді бөлу процесі автоматтандырылған", – деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне кім және қалай тұра алады? Маңызды 8 сұраққа жауап
Премьер-министрдің түсіндіруінше, әрбір өтінімге отбасының табыстарын, мүлкі мен активтерін көрсететін цифрлық портреті қалыптастырылатын болады. Тұрғын үйді бөлу кезінде есепке қою күні, азаматтардың санаты мен табыс деңгейі сияқты факторлар ескеріледі.
"Тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысына" сәйкес, жеңілдікті тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері азаматтарға табыс деңгейіне қарай беріледі.
"Мысалы, сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы тұрғын үй, 2 және 5 %-дық ипотека сияқты ең тиімді құралдарға тек табысы төмен мұқтаж азаматтар ғана ие бола алады. Жалпы алғанда, барлық жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлердің кемінде 70 пайызы бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына беріледі", – деді үкімет басшысы.