Тікелей эфир

Батыс Қазақстан облысында қысқа дайындық жұмыстары пысықталды

depositphotos.com
depositphotos.com
Облыста 2024-25 жылдары инженерлік желілерді жаңғыртуға 11,8 млрд теңге қарастырылған.

Қыс маусымында коммуналдық салаға түсетін салмақ артады. Әрі атқарылған жұмыстардың сапасы мен беріктігі сыналатын кез. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алдағы жылыту маусымы апатсыз өтуі үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды тапсырып, дайындық жұмыстарын пысықтады.

Облыста 2024-25 жылдары инженерлік желілерді жаңғыртуға 11,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде жылу электр орталығының турбинасы, кәріз сорғы стансалары, жылу құбырлары және Ақсай қаласының 4, 5, 10-шы шағын аудандарындағы сумен жабдықтау желілері күрделі жөндеуден өтуде. Облыстық басқарма басшысы Мирас Рүстемұлының айтуынша, кәсіпорындардағы инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыстары 98% орындалған.

"Ал 18-ші А кәріз сорғы стансасы мен №2-ші жылу магистралын рекострукциялау екі кезеңмен атқарылатын жұмыс. 2025 жылы аяқталатын болады. Аталған жұмыстар біткен соң Орал және Ақсай қалаларының 250 мыңға жуық тұтынушылары мен балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханаларды-әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен, сумен және су бұрумен қамтитын боламыз", – дейді БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй. 

Әлеуметтік нысандар жылыту маусымына толық дерлік әзір. Ал тұрғын үйлер бойынша дайындық 99,2% құрайды. Тек Оралдағы басқару нысандары жоқ үйлер мен жатақханалардың жайы алаңдатарлық. Аймақ басшысы  аталған тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 

Аппараттық кеңесте мал азығын жинау мәселелері де қаузалды. Биыл қыстаққа кіретін 1 миллион бастай малға 2 млн 23 мың тонна шөп пен 233 мың тонна жем керек. Қазір қажетті көлемнің 94 пайыздайы әзір,- дейді мамандар. Бұл істе 8 аудан мен қалада қиындық жоқ. Тек 4 оңтүстік ауданда күрмеуі қиын мәселе бар.

"Өткен жылдан қалған 148 мың тонна шөппен бірге тасымалданған мал азығын қоса есептегенде 156,4 мың тонна шөп қолда бар. Оның сыртында биылғы жылы дайындалған мал азығы яғни, 2024 жылғы 15 қазандағы жағдай бойынша 500 млн гектар шабындық шабылып, орташа 3,4 центнер гектар өнімділікпен 1 млн 875,1 тонна мал азығы әзірленді", – деп атап өтті БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.

Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарында қажетті көлемде мал азығын дайындауда қиындық туындаған. Шөптің өнімділігі әдеттегіден төмен болып отыр. Осыған орай, Бөкей Ордасы және Жәнібек ауданы әкімдіктерімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Шекаралас жатырған Жаңақала мен Казталов аудандарының ауылдық округтерінде де мал азығының тапшылығы бар. 

"Қазіргі таңда біздің аумақ бойынша 1 403 ауланың 1 317 ауласы шөппен қамтылып отыр. Қамтыламаған 86 аула бар. Тізімі қолда. 40-ына жергілікті шаруалармен тасымалдауға келісім бар. Қалған 46-сын осы айдың аяғына дейін қамтитын боламыз", – деген Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов мал азығы шығындары өтеліп жатқанын жеткізді. 

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев туындаған жағдайға байланысты шұғыл әрекет етуді тапсырды. 

"Шөппен қамтылмаған шаруа қожалықтар мен аулалардың санын 15 қарашаға дейін анықтау керек. 15 қарашадан кейін  субсидияны тоқтататын боламыз. Желтоқсанға, қаңтарға дейін жүрмейміз. Қашан тасиды деп күтіп отырмаймыз. Уақыт тапшы. Берілген ақшаны пайдалану керек", – деген облыс әкімі бұл мәселе дереу шешілмесе алдағы жылы шаруаларға субсидия төленбейтінін айтты.

Серіктестер жаңалықтары