Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 16 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді деп жоспарланған. Жыл соңына дейін жоспар орындалып, елді мекендерге түгел газға қосылса, Қазталов ауданы табиғи газбен 100 пайыз қамтылады.
Бұл ауданда бұған дейін де тұрғындардың игілігі үшін көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, қарапайым жұртқа ең қажеттісі – осы көгілдір отын еді.
Сонымен қатар, Тереңкөл ауылдық округінің Мереке, Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылдарына да табиғи газ беріліп, тұрғындар көмір жағу тауқыметінен құтылды.
Қос ауылдағы қуанышқа ортақтасқан Казталов ауданы әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев тұрғындарды құттықтап, газ желісін тартқан "ӘлияСервис" ЖШС, "Строитель" ЖК ұжымына алғыс айтты.
Саралжындағы газ алауын жағу құрметі Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев пен ауыл ақсақалы Ахмет Дауышовқа бұйырды.
Жалпы, бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, халыққа жайлы жағдай жасау мақсатында облыста бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.