Тікелей эфир

Батыс Қазақстан облысында 25 жекеменшік балабақша жабылудың алдында тұр

Кәсіпкерлер қызметкерлердің жалақысын төлей алмай отырғанын айтып, мұң шақты.

Батыс Қазақстан облысында 25 жекеменшік балабақша жабылудың алдында тұр. Себебі, мектепке дейінгі мекемелер жыл басынан бері мемлекет тарапынан қаржыландырылмаған. Миллиондарға қарызға батқан кәсіпкерлер кімнен көмек сұрарларын білмей отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жабылу қауіп төніп тұрған балабақшаларда кем дегенде 45, ал ең көбі 180 бала тәлім алады. Алайда жыл басынан бері мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер ғимаратты жалдау ақысынан бөлек, жұмысшылардың жалақысын тауып бере алмай, қарызға батқанын айтады.

"Барлық мемлекеттік балабақшалар сияқты біз де салық төлеп отырмыз. Шығынымыз бар. Бірақ, оның орнын толтыратын мемлекеттік субсидия алып отырған жоқпыз. Қазіргі жағдайымыз мәз емес, біз бүгін болмаса, ертең жабыламыз ба деген ойда отырмыз", – дейді кәсіпкер Нұрия Байхатова.


Оқи отырыңыз: Ата-аналардың жеке балабақшаларға қатысты шағымдары қандай?


Тағы бір кәсіпкер Гүлнұр Төлеген де мемлекет тарапынан қолдау болмаса, балабақша жұмысын жүргізу тек шығынға батыратынын айтып отыр. Кәсіпкерлердің мұңын тыңдаған облыстық білім басқармасының маманы биыл қаржы бөлінбегенін мәлімдеді. Бірақ, оның айтуынша, жаңадан ашылған 15 балабақша ғана қаржыландыру алмаған. Оларға субсидия беру үшін келісімшарт жасалмаған.

"Облыстың шешімімен жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қаражат қазір де оң шешімін тапқан жоқ. Сондықтан келесі жылға бюджеттік өтінім білім басқармасы тарапынан жолданды", – деді Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Клара Меңдіғалиева.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 521 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 109-ы – жекеменшік. Бұл балабақшаларда аймақтың 30 мыңнан астам бүлдіршіні тәрбиеленеді.

Серіктестер жаңалықтары