Қазақстанда мың түрлі қауымдастық пен одақ, заң органдарының сайттары мәліметті негізінен орыс тілінде таратады. Тіпті кейбірінде "қазақ тілін" таңдау тетігі мүлде жоқ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тіл жанашырлары мұндай қоғамдық ұйым өкілдері тіл туралы заңды елемей отырғанын айтады. Өйткені, көп сайтта қауымдастық не одақ басшысы қай тілде еркін сөйлесе, ақпарат та сол тілде жарияланады екен.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Әлия Серікбаеваның айтуынша, қазір салалық сайт көбіне тек орыс тілінде ғана ақпарат таратады. Ал бұл жағдай көптеген қиындықтарға әкеп соғыпты. Яғни, қазақ тілін білмейтін не жетік түсіне бермейтін мамандар өзекті проблемаларды талқылаудан тыс қалған. Іс-қағаздарда да мемлекеттік тілдің рөлі аз. Мәселен, республикалық адвокаттар алқасының сайтында орыс тілінде жарияланған ұстаным саны 34 болса, қазақ тіліндегісі біреу ғана.
"Қалалың өзінде адвокаттардың көбісі орыс тілін мүлдем білмейді. "Неге мәселелер тепе-тең орыс тілінде де, қазақ тілінде де талқыланбайды?" деген сұрағыма "у нас рабочий язык русский" деп жауап берді. Тіпті, "Жаңа Қазақстан – жаңа адвокатура" концепциясының өзі бізге орыс тілінде жолданды", – дейді Әлия Серікбаева.
Оқи отырыңыз:
- "Қазақша үйренгісі келетіндер көп". Орыс жігіт қалай қазақ тілі клубын құрды?
- Президент: Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді
- Владислав Тен: Мемлекеттік қызмет иелеріне қазақ тілін білуді міндеттеу қажет
Тіл жанашырлары түрлі сала өкілдерінің бас қосып, диалог құратын, шешімдерін жариялайтын сайттары да орыс тілінде ақпарат ұсынатынын айтады. Мысалы, Заңгерлер одағының сайтында мемлекеттік тілде ақпарат жарияланған. Бірақ, қазақ тілді оқырманға арналған арнайы беті жоқ.
Ал салық төлеушілер, жиһаз және ағаш өңдеу, риэлторлар қауымдастығының онлайн платформалары жаңалықты тек орыс тілінде таратады. Яғни, қазақша ақпарат жоқ.
"Қазір бізге заң қолбайлау болып отыр. Мысалы, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғалы бері біз тіпті кәсіпкерлік нысандарына барып, "мынаны қазақша түзет", "мына жері қате" немесе "неге қазақ тілінде жазбаң жоқ" деп айта алмайтындай деңгейге жетіп отырмыз", – дейді тіл жанашыры Данияр Жұмаділ.