Тікелей эфир

Бас мүфтидің келуіне орай Түркістан облысы имамдарынан ақша жиналғаны рас па

ҚМДБ комиссиясы арнайы тексеру нәтижесін жариялады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы имамдарының бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өңірге сапары алдында қаржы жинағаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша мәлімдеме жасады. 

Діни басқарма жанынан арнайы құрылған комиссия желіде тараған ақпараттың ақ-қарасын анықтаумен айналысқан. 

"Түркістан облысында Бас мүфтидің келуіне орай имамдардан ақша жинау әрекеті орын алмаған. Каспи голд арқылы жіберілген қаражат демеушілер тарапынан берілгені және сол қаражат қайырымдылық жұмыстарға, ауызашар дастарқанына, республикалық Құран жарысына, конференция ұйымдастыруға, баспасөзге жазылу сынды іс-шараларға жұмсалғаны анықталды. Аттестация мүшелері үшін ақша жинау фактісі анықталмады және гонорар берілмегені дәлелденді. Бас мүфти сапарының шығындары Діни басқарманың есебінен төленген. Мешіт балансындағы қызметтік көліктің жыл барысындағы барлық шығындары мешіт есебінен төленбеген болып шықты", – делінген ҚМДБ тексеру комиссиясының мәлімдемесінде. 

Діни басқарма Түркістан облыстық мешітінің кіріс-шығыс қаражаты толықтай тексеріліп, ешқандай заң бұзушылық пен мақсатсыз қаржы жұмсау фактісі анықталмағанын мәлімдеп, халықты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.

Еске салайық, әлеуметтік желі қолданушысы Ораз Әлімбеков Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиге және Діни басқарма қызметі мен Түркістан облысының бас имамы Е.Төлепов пен іс басқарушы А.Тұрлыбековке қатысты бірқатар айыптаулар мен бір жақты ақпарат жариялаған болатын. 

"Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп, тентіреп кетеді", – деп жазған болатын ол. 

Алайда, қазіргі таңда желі қолданушысының аккаунты бұғатталған. Жаңа аккаунт ашқан ол facebook парақшасының бұзылуы мен дербес деректерінің ұрлануына байланысты прокуратураға арыз жазғанын хабарлаған болатын. 


Оқи отырыңыз: ҚМДБ 3 адамның өмірін қиған бұрынғы намазханадағы жарылысқа қатысты мәлімдеме жасады


 

Серіктестер жаңалықтары