ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында атқарылатын жобалар туралы баяндады.
"Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят" деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде "Алаштану", "Тұлғатану" пәнін енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу", – деді бас мүфти.
Оның айтуынша, дәстүрлі Исламды қоғамда кеңінен дәріптеп келе жатқан бірден-бір діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. ҚМДБ 2023 жылды діни қызмет аясында "Ислам және ізгі қоғам" жылы деп жариялап, конференциялар мен семинарлар өткізуді бастап кетті.
"Көп ғасырдан бері Аллаға сенген мұсылман елміз. Қолымыздан келгенше бабалар ұстанған жолды сақтап, оны кеңінен жастарымызға насихаттайық. Біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі – тұнып тұрған Ислам діні. Оны кеңінен халқымызға үйретсек нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда Ислам дінін жамылған неше түрлі ағымдар бар. Солардан сақтанып, бабалар жолын ұстанайық", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы дәстүрлі исламды дәріптеудің маңызды екенін айтты
Бас мүфти биыл облыстық мешіттер жанынан көне түркі тілінде жазылған Ханафи мәзһабына негізделген бабалардың "Ғибадат исламия", "Сопы Аллаяр" және тағы да басқа кітаптарын оқыту курстары ашылатынын айтты.
"Былтыр біз бес томдық "Ислам энциклопедиясы" ғылыми жобасын әзірлеуді қолға алдық. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, мәдениет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысуда. Биыл MUFTIYAT баспасынан "Ислам энциклопедиясының" І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарамыз. "Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп" атты еңбекті әзірлеп қойдық. "Дін мен дәстүр" кітабының үшінші томын халыққа таратамыз", – деді ҚМДБ төрағасы.
Қарай отырыңыз: