Павлодарда жетпіс жыл бұрын салынған екі қабатты үйлер құлаудың алдында тұр. Тұрғындардың айтуынша, тіпті ағаш баспаналардан бірнеше рет өрт те шыққан, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Бір ай бұрын үйдің төбесі опырылып, ортасына түскен. Қайта зардап шеккендер жоқ, өйткені үйде ешкім болмаған. Осы жағдайдан кейін Айнаш Арқаева жалдамалы пәтерге көшіп кеткен.
"Осы апатты жағдай болғаннан кейін бізді уақытша тұрғын үйге әкімдік көшірді. Бірақ ақшасын бір жыл емес, жарты жылдай төледі. Сосын өз қалтамыздан 100 мыңдап төлеп жатырмыз. Енді әрі қарай төлейтін хәліміз жоқ. Ақшаға қысылып, енді осы үйге қайта көшіп келейін деп жатырмыз. Қайда барамын? Басқа баратын жер жоқ", – деді тұрғын Айнаш Арқаева.
Әбден тозығы жеткен үйде тұратын бірінші топтағы мүгедек Күләш Бектұрғанованың жағдайы тіптен қиын. Ол өздігінен жүріп, тұра алмайды. Қаланың қақ ортасында қыс бойы от жағып, суды құдықтан тасып, қайта сыртқа төгуден басқа амалы қалмай отыр.
"Дәретхана далада, оған бара алмаймын. Арбамен жүре алмаймын. Апарғанның өзінде оған кіріп отыра алмаймын. Аяғыммен тұра алмаймын да, жүре алмаймын да",– деді тұрғын Күләш Бектұрғанова.
Оқи отырыңыз: Алапат өрттен үйлері өртенген Риддер тұрғындарына заманауи ықшамаудан салынады
Павлодарда мұндай апатты үйлерде мыңға жуық адам тұрады. Әкімдіктегілердің айтуынша, олар апатты үйлерді бұзуды биыл қолға алады.
"Осы жылдың төртінші тоқсанында Генерал Дүйсенов көшесінде орналасқан үйлерді бұзу жоспарланып отыр. Апатты үйлердің орнына 9 және 10 қабатты тұрғын үйлер салынады. Құрылыс компаниясы жұмыстарды жүргізу кезінде ескі үй тұрғындарының пәтер жалдау шығынын өтеп береді", – деді Павлодар қалалық құрылыс секторының меңгерушісі Тимур Қарабаев.