Биыл Алматы тұрғындарының орташа жалақысы 20 пайыз өсті, деп мәлімдеді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
"Жыл басынан бері шағын бизнесті несиелеу 1,4 есеге өсіп, 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні қаладағы жұмыссыздық 5,1% болды. Үшінші тоқсанда орташа жалақы 20%-ға өсіп, 283,7 мың теңгені құрады", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, қала әкімі білім беру саласында мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету үшін 3 мемлекеттік балабақшаның (360 орындық) құрылысы аяқталып, 72 жеке балабақша (4,7 мың орындық) ашылғанын хабарлады. Нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 91% құрады.
Оқи отырыңыз: Алматы мен Нұр-Сұлтанда шет тілі курстары 10 пайыз қымбаттады
"Бұдан басқа, 12,6 мың орындық 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Биыл тағы 8,2 мың орындық 17 қосымша құрылыс нысанын пайдалануға береміз. Олардың 11-інде балалар қазір оқып жатыр. Бұдан басқа оқу жылының басынан бері 2,6 мың орындық 13 жекеменшік мектеп ашылды. Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін 16 мыңнан астам жаңа оқушы орны құрылады, бұл тапшылықты 47% төмендетуге мүмкіндік береді", – деп қосты Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысының айтуынша, желтоқсан айында бұқаралық спортты дамыту аясында үш денсаулық сақтау орталығының құрылысы аяқталады, 29 мектеп спорт алаңы жаңартылады. Мұнымен қатар, ол тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Оқи отырыңыз: "Әр дүкенге – бес нан". Алматы дүкендерінде нан дефициті басталды
"Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бюджет есебінен 3,2 мың пәтер салынады", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан өзге ол туристік саланы дамыту үшін 84,1 млрд теңге инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың II тоқсанында шетелдік туристер саны 42% өскен.