Тікелей эфир

Банктердің "7-20-25" бағдарламасы бойынша несие бермеуінің үш себебі

Бағдарлама арқылы пайдалануға берілетін бастапқы тұрғын үйді ғана сатып алуға болады.

2023 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша жыл басынан бері "7-20-25" бағдарламасы аясында 37,38 млрд теңгеге 2 334 несие берілді. Krisha.kz Қазақстанның орнықтылық қорымен бірлесе өтініш беру кезіндегі қиындықтарға қарамастан, бұл несиені алуға кедергі келтіретін негізгі себептерді атады.

Бағдарламаны қаржыландыруға тоқсанына – 25 млрд теңге, жылына 100 млрд теңге бөлінеді. "7-20-25" бойынша несие алғысы келетін қазақстандықтар көптеген мәселеге тап болғанын айтады: банктер жаңа өтінім қабылдамайды, ал сатып алғысы келетін тұрғын үйлер салынып бітуге таяу, құрылыс компаниясы үйді толық сатып алуға асықтырады.

Банктер несие санын өзі реттейді, содан кейін оларды "7-20-25" бағдарламасының операторы, Қазақстанның орнықтылық қоры сатып алады. Бағдарламаға қатысушы банктер екінші тоқсан аясында жұмыс істеп жатыр.

Ипотека бермеу себептері

1. Кепілдің несие шарттарына сәйкес келмеуі

Сатып алынған тұрғын үй кепіл болады. Бағдарлама бойынша пайдалануға берілген ғимараттан жаңа пәтер алуға болады. Сондай-ақ тұрғын үй құны белгілі бір мөлшерден аспауы керек:

  • Астана, Алматы, олардың маңында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында пәтердің шекті бағасы 25 млн теңгеден аспауға тиіс;
  • Қарағанды, Түркістан қалаларында – 20 млн теңгеден;
  • басқа қалаларда – 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?


Қордың мәліметінше, кепіл жиі несие шарттарына сәйкес келмейді. Себебі әлеуетті қарыз алушылар банкке үлестік тұрғын үйді сатып алу кезінде сатып алушы мен құрылыс салушы арасында жасалатын үлестік қатысу шарттарын ұсынады. Алайда, "7-20-25" бойынша құрылыс салушымен тек сатып алу-сату шарты жасалуы керек. Банктер басқа келісімдерді қабылдамайды.

2. Несие тарихының нашар болуы

Басқа несиелерін өтемеген, яғни төлемдері 90 күннен өтіп кеткеніне қарамай ипотека рәсімдегісі келеді. Қордың мәліметінше, мұндай өтініш берушілер көп.

Банктер несие туралы ақпаратты бірінші кредиттік бюродан сұрайды. Қарыз алушының басында басқа несиелері болса, онда бұл да оның төлем қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Оның үстіне проблемалы несиелері болса, банк бірден несие беруден бас тартады. Тұтынушылық, тауарлық, ипотекалық секілді қарыздың кез келген түрін кешіктірмей уақтылы өтеген кезде ғана несие алу оңайырақ.


Оқи отырыңыз: "7-20-25" ипотекасына балама бағдарлама ашыла ма? Министр жауабы


Сондықтан несие тарихыңызды жақсарту үшін алдымен мүмкіндігінше барлық қарызды төлеңіз. Несие тарихыңызды жиі тексеріңіз.

3. Табыстың жетпеуі

Ипотека беретін кезде банктер қарыз алушы тарапынан көптеген факторды ескереді. Банк қарыз алушының ипотеканы өтей алатынына және оның несиесі проблемаға айналмайтына көз жеткізеді.

Банктер отбасының жалпы табысына, балалардың болуына, коммуналдық төлемдер сомасына және басқа да дүниелерге баса назар аударады. Сондай-ақ, барлық несие төлемдерінің жалпы сомасы қарыз алушының табысының 50 пайызынан аспауы керек деген ереже бар.

"7-20-25" туралы нақты айтсақ, ең жоғары ай сайынғы төлем (ең ұзақ мерзімге 20 млн теңге болса) 141 мың теңгені құрайды.


Оқи отырыңыз: 2-10-20 және 5-10-20. Қазақстандағы ең төмен пайызды ипотекаларға шолу


Жыл басынан бері банктер қанша ипотека берді?

10 мамырдағы жағдай бойынша ең көп несиені:

  • ЦентрКредит Банкі – 13,5 млрд теңгеге 848 несие;
  • Freedom Finance Bank – 13,7 млрд теңгеге 802 несие;
  • Халық банкі – 7,1 млрд теңгеге 461 несие;
  • РБК Банк – 1,9 млрд теңгеге 125 несие.

"7-20-25" бағдарламасының шарттары:

  • мөлшерлеме – 7%;
  • бастапқы жарна – кепіл құнының 20 пайызынан бастап;
  • несиенің максималды сомасы кепіл құнының 80 пайызын құрайды;
  • кепіл – сатып алынған тұрғын үй;
  • несие мерзімі – 25 жылға дейін;
  • пайдалануға берілетін бастапқы тұрғын үйді ғана сатып алу;
  • аумағы 15 шаршы метрден аспайтын жатақханадағы бөлмелерді қоспағанда, меншік құқығында тұрғын үй болмауы керек;
  • бір қарыз алушы бағдарлама арқылы бір-ақ рет үй ала алады;
  • басқа ипотекасы болмауы керек;
  • несие беру және қызмет көрсету үшін комиссиялар алынбайды;
  • қарыз алушының кепілін және өмірін сақтандыру міндетті емес, қажет болған жағдайда банк мұны өз есебінен жасайды.
Серіктестер жаңалықтары