
Шетелде дем алмақ болған бір топ ақтөбелік тұрғын сан соғып қалды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Аралға баруды жоспарлағандар авторлық тур ұйымдастырған қызға 2 миллион теңгеге дейін қаражат аударғандарын айтады. Алайда, алып-ұшып Алматы әуежайына келген кезде алданғандарын біліпті.
"Балидағы демалыс арман болып қалды" деген жандар енді полицияның табалдырығын тоздырып жүр. Бұл жандар бағасы тиімді авторлық турды инстаграм арқылы тапқан. Әрі саяхатты ұйымдастырған қыз көрікті жерлерді көрсетемін деп сендірген екен. Осылайша, бір топ адам еш күмәнданбастан ақшаларын аударғандарын айтады.
"Біздің отбасымызға бір миллион ақша қарыз. Алматыдан келгеннен кейін жан жағымыздан білеміз. Демек, жалғыз біз емес екен алданған. Бізді чатқа қосады. Чатта 65 адам бар. Қаншама реклама жүріп жатыр. Ол қыз әлі жұмыс істеп жатыр. Ол қаншама халықты алдап жатыр", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Мира Бақытқалиқызы.
Балиге барамыз деп бармақ тістеп қалғандар екі миллион теңгеге дейін берген. Өйткені ұйымдастырушы қыздың қажылыққа барған суретін көргеннен кейін бойға күдік ұяламады дейді. Тіпті қыздың өзі Малайзиядан видео арқылы байланысқа шығып, саяхатқа қызықтырған көрінеді.
Ал полиция "алаяқтық" бабы бойынша іс қозғап, күдіктіні іздестіріп жатыр.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында агенттік шетелдік демалыс ұйымдастырып беруді уәде етіп, олардан алдын ала төлем алғаны анықталды. Алайда жәбірленушілер шетелге демалысқа да, өз ақшасын да қайтарып ала алмаған. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр", – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Елімізде осы адамға алдандық деген 70-ке жуық жәбірленуші ортақ чат ашыпты. Шуға себеп болған қызға біз де, шағымданушылар да хабарласып көрді. Бірақ нәтиже болмады.