Тікелей эфир

Балабақша тәрбиешілері толтыратын құжаттар тізімі қысқарды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тиісті бұйрыққа қол қойды.

Мектепке дейінші білім беру ұйымдарының тәрбиеші қызметкерлері толтыруы тиіс құжаттар саны 3-ке қысқарды. Жаңа тізім бойынша тірбиешілер келесі құжаттарды ғана толтыруы қажет:

  1. оқу жылына арналған перспективалық жоспар (жылына бір рет толтырылады);
  2. тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады);
  3. диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасы (қажеттілікке қарай толтырылады).

"Енді мектепке дейінгі білім беру деңгейі бойынша министрлік айқындаған нақты тізбе бар. Сондай-ақ, "Педагог мәртебесі туралы" заңда және Әкімшілік кодексте жазылған басқа да құжаттарды талап етуге жауапкершілік қарастырылған және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартатын органдар да бар", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Ата-аналардың жеке балабақшаларға қатысты шағымдары қандай?


Педагогтерден шектен тыс есепті немесе қызметтік міндеттеріне жатпайтын ақпаратты талап ету фактілері бойынша өтініш түскен кезде Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері құқық бұзғаны үшін жоспардан тыс тексеруді ҚСжАЕК органдарында тіркейді және оны білім беру ұйымына барып немесе бармай-ақ жүргізеді.

Құқық бұзу фактісін дәлелдейтін материалдар:

  • жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері;
  • бұйрықтардың көшірмелері;
  • есеп беру бланкілерінің көшірмелері және педагогтен есеп беруді немесе білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген мәліметтерді талап етуді растайтын басқа да материалдар.

Егер құқық бұзушылыққа алғаш рет жол берген адам өз кінәсін мойындаса, комитет және аумақтық орган әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмай, кінәлі адамға ескерту туралы қаулы шығарады.

Ал адам қайтадан құқық бұзса, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады.

Әкімшілік айыппұл мөлшері: 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін.

Серіктестер жаңалықтары