Тікелей эфир

"Азық-түлік бағасына аса әсер етпейді". Жұманғарин жанар-жағармай бағасының қымбаттауы туралы

Министрдің айтуынша, дизель 25 пайызға қымбаттаса, күнбағыс майының құны 2,4 пайызға өседі.

Бензин мен дизель отыны бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасына қатты әсер етпейді, деп мәлімдеді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин үкімет кулуарында.

"Біраз ірі өндірушілер жанар-жағармай емес, газ пайдаланады. Ал газ қымбаттап жатқан жоқ. Қазір егін кезінде 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Былтыр 400 мың тонна болған. Ол бұрынғы бағамен – 204 теңгемен беріліп жатыр. Қала аралық тасымалдағы жүк көліктері дизельмен жүреді. Тасымалданатын тауар жеңіл болса, бағасына қымбаттау әсер етеді, ауыр заттарға онша әсері болмайды. Ол пропорцияға байланысты. Мысалы, жұмыртқа мен тауық етінің құнында жанар-жағармайдың үлесі 2 пайыз ғана. Қантта – 5 пайыз. Себебі, тасымалдау қымбаттайды. Күнбағыс майын алсақ, дизель 25 пайызға қымбаттаса, күнбағыс майының құны 2,4 пайызға өседі. Мысалы, қазір ол 700 теңге тұрады деп есептесек, 14 теңгеге өседі", – деп түсіндірді министр.

Министр былтыр қараша айында басталған инфляцияға логистика емес, адамдардың дүрбелеңі әсер еткенін айтты.

"Адамдар бағаны көтеруге үйренген. Ол сағатына 100 км жылдамдықпен келе жатқан локомотив сияқты, тоқтату үшін уақыт керек. Әрең-әрең ақпан айында тоқтады", – деді министр.


Оқи отырыңыз: АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеге дейін өседі


Еске салайық, энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайтынын айтқан еді. Нақтырақ айтқанда, Энергетика министрлігінің бұйрығы жобасына сәйкес бензин мен дизельдің бөлшек саудадағы шекті бағасы:

  • АИ-92 және АИ-93 бензині үшін – өңірлерге байланысты литріне 182-187-ден 205 теңгеге дейін (өсім 11%);
  • дизель үшін – аймаққа байланысты литріне 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін (орташа өсім 20%) өседі.
Серіктестер жаңалықтары