Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Астана медицина университетіне қатысты шағым туралы пікір білдірді.
Айта кетейік, Астанадағы медицина университетінің студенті Facebook-тегі парақшалардың біріне университет туралы шағым жариялаған еді. Онда студент университетте білім жоқ екенін мәлімдеген.
"Денсаулық сақтау министрлігі үшін кадр дайындау мәселесі өте маңызды. Қазір университетті тексеріп жатырмыз. Студенттер арасында анонимді сауалнама жүргіземіз. Шағымда жазылған жағдайлар растала ма тексереміз. Расталса, қатаң шара қолданылады", – деді Ажар Ғиният.
Министр медицина университетінде оқытылып жатқан оқу бағдарламасын Денсаулық сақтау министрлігі растағанын айтты. Десе де, пандемияның оқу үдерісіне әсері болғанын атап өтті.
"Пандемиямен байланысты медициналық білім беру саласы зардап шекті. Көп студент қашықтан оқығанын білесіздер. Сол себепті биыл негізінен қайталау мен білім беру сапасын арттыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Биыл медицина университеттері кітапханасын, симуляциялық орталықтарын жаңартып, студенттерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуы үшін грант құнын өсірдік", – деді министр.
Ажар Ғиният жыл сайын медицина университеттерінен 2 мың дәрігер түлеп шығатынын айтты.