Тікелей эфир

Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 20 млн теңгенің бөгеті жылға жетпей бұзылған

Бөгет көктемде Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылына келетін өзен суын бөгеп отыру үшін керек. 

Қостанай облысында 20 млн теңгеге салынған бөгет бір жыл өтпей бұзылды. Көктемде су шайып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Жыланшық өзеніндегі Алакөл мен Қарасор көлдерінің айырығында тұрған Қарасу бөгеті былтыр салынған. Сапасы дұрыс деп қабылданса да, араға бір жыл өтпей бұзылып отыр. Ол көктемде Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылына келетін өзен суын бөгеп отыру үшін керек. 

"Бөгетті тастан салу қажет. Ал мына бөгетті жай сала салған. Жобасын сызып, қайта жасау қажет. Бекітіп, кеңейту қажет", – деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жолдыхан Нұрмұхамбетұлы.


Оқи отырыңыз: Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр 


 

Жергілікті тұрғындар жұмыстың небәрі бір күн ішінде біткенін айтады. Бөгеттің техникалық талапқа сай болмауы үстімен өтетін көліктерге де кедергі. Халық арғы беттегі шабындыққа бара алмай әлек. Ал айналма жол 60 шақырымға жуықтайды.

"Кеше трактор өтіп бара жатып аударылып қалды. Үстіндегі трактор жүретін жер екі-ақ метр. Мұны ауданнан ешкім келіп қабылдап алған жоқ. Мына жақта Қызылорда, Жезқазған және Шымкентке дейін баратын жол", – деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Руслан Жақсынбеков.

Құрылысты қабылдап алған Жангелдин ауданының әкімі журналистерге сұхбат беруден бас тартқан. Бар кінәні ауыл әкіміне ысырып отыр.


Оқи отырыңыз: Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлының үйі неге бұзылды?


Бөгет қалпына келтірілсе де, халық оның ұзаққа шыдайтынына күдікпен қарайды.

Серіктестер жаңалықтары