23 қаңтарда Қазақстанда шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру басталады. Осы ретте ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев елге қосалқы бөлшек ретінде кірген көліктерді тіркеу қалай жүретінін түсіндірді.
"Қосалқы бөлшектер ретінде шекарадан кірген автокөліктер республика көлемінде қолданылып жатыр. Бұл автокөліктер бойынша да біраз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы тілмен айтқанда әр автокөлік иесі заңдастыру үшін құжаттары мен көлігін Автоцонға (мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына – ред.) тіркеу бөліміне әкелуі керек. Біз сол жерде құжаттар мен көліктерді тексеріп, әр автокөлік бойынша жеке-жеке шешім қабылдайтын боламыз. Қазірден сол үшін қайғырудың қажеті жоқ. Бұл мәселе толығымен қаралады", – деді Қайсар Сұлтанбаев.
ІІМ өкілі министрліктің Қазақстан азаматтарының барлық мәселесін шешуге бар күшін салатынын айтты.
Оқи отырыңыз: Қандай көліктерді "250 мың теңгелік акция" аясында заңдастыруға болмайды?
Айта кетейік, көлікті заңдастыруға өтінішті "Электрондық үкімет" порталы арқылы немесе арнайы Мамандандырылған ХҚКО-на жеке жүгіну арқылы беруге болады. Ол үшін көлік иесі келесі 4 құжатты ұсынуы қажет:
- өтініш;
- өтініш берушінің жеке бас куәлігі;
- көлік паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі;
- көлікке меншік құқығын растайтын құжат. Оған көлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген болса, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беруге негіз бола алады.