15 желтоқсанда "Аватар: Су жолы" фильмі қазақ тілінде жарыққа шықты. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары туындыны қазақ тілінде көруге үндеп жатыр.
"Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз. Яғни мәселе мынадай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-мыс. Кинотеатр – жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, "сыйласқанның суын іш" деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз: отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң,ауыл-аймақ болып "Аватар: Су жолы" фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық", – деп жазылған Qazaq grammar парақшасында.
Оқи отырыңыз:
- "Аватар: Су жолы" фильмін қазақ тілінде сөйлеткен кімдер?
- Бас прокурор "21+" фильмдер туралы: Мәдениет министрлігі заңның бұзылуына жол беріп отыр
Бұл ретте Informburo.kz тілшісі фильмдердің кестесі жарияланатын kino.kz сайтынан "Аватар: Су жолы" фильмінің Астана кинотеатрларындағы қазақ тіліндегі сеанстарына шолу жасады. 15 желтоқсан күні фильм кинотеатрлардан 157 рет көрсетіледі. Оның бар болғаны 9-ы ғана қазақ тілінде. Оның ішінде:
- "Арман" кинопаркінде – 2 сеанс;
- Eurasia Cinema кинотеатрында – 2 сеанс;
- Kinopark желілерінде – 3 сеанс: "Керуен" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1, "Сарыарқа" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1, "Кеуенсити" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1;
- Keruen Cinema кинотеатрында – 1;
- Chaplin кинопарктер желісінде 1 ғана сеанс қойылған.
Айта кетейік, бүгінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енген.