Медициналық нысан бір ауысымда 13 адамға алғашқы көмек көрсете алады және барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Президенттің тапсырмасы негізінде бой көтерген емдеу нысанынының кілтін салтанатты шарада табыстаған құрылыс мердігері бұған дейін әлеуметтік насындар облыс орталықтары мен ірі қалаларда бой көтерсе, енді ауылдық елдімекендерде де жұмысын жасайтыны игі іс болды дейді.
"Скринингтік тексерулер жасалып, жүкті әйелдерге, балаларға алғашқы көмек жылдам көрсетіледі. Мен ауыл халқымен бірге қуанып тұрмын. Нысан игіліктеріне қызмет көрсетсін", – деген тілегін білдірді мердігер құрылыс мекемесінің директоры Нұрлан Қуанғалиев.
Сонымен қатар, Теректі аудандық ауруханасының медициналық қызметіне су жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Бүгінгі таңда бұл аудандағы медициналық мекемелердің техникалық базасы жаңғырып, қажетті жабдықтары, жиһаздары жаңалануда. Мақсат-ауылдық жерде халықтың денсаулығын оңалтып, жедел ем тағайындау үшін қызмет сапасын арттыру, сауықтыру жұмысын дер кезінде жүргізу. Сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтап, адам өмірін сақтап қалу, скринингтік тексерістер жасау мүмкіндіктерін орнату.
"Біздің қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жаңа медициналық ғимаратта күндізгі стационар, ем жасайтын құрылғылар, екпе салатын бөлме бар. Ауылдастарымыз енді ауданға, басқа ауылға сабылмай-ақ алғашқы медициналық көмекті осы жерден ала алады", – деді ауыл халқының атынан алғысын жеткізген еңбек ардагері Қымбат Мұсаева.
Барбастау ауылында мыңға жуық адам бар. Енді оларға ем-дом алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ, ауыл ішінде фельдшерлік-акушерлік пунктке барып, дәрігерге көріне алады. Жалпы ауданы 228 шаршы метр болатын нысанды қысқа мерзімде "Альтаир" құрылыс компаниясы салған. Жобаны жүзеге асыруға 253,5 миллион теңге жұмсалды.