Тікелей эфир

"Ауыл" партиясы ауыл балаларына арналған тегін онлайн курстар ашуды ұсынды

Депутаттардың айтуынша, көптеген ауыл тұрғынының баласын ақылы курстарда оқытуға шамасы жетпейді.

"Ауыл" халықтық демократиялық патриоттық партиясының депутаттары ауыл балаларын Назарбаев университетінде немесе "Болашақ" бағдарламасымен оқыту үшін тегін онлайн курс ашуды ұсынды. Бұл туралы олар премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутат Ерболат Саурықовтың айтуынша, қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдете оқытатын 90 лицейдің – 8 пайызы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14 пайызы ғана ауылдық елді мекендерде орналасқан. Яғни, ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі. Сонымен қатар, депутат ауыл балаларының Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсуге мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты. 

"Аталмыш мектептер негізінен 5 және 7-сыныптарға дарынды оқушыларды емтихан тапсыру арқылы қабылдайды. Бұл мектептерге түсу үшін оқушының мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруі, тіпті кейбіріне түсу үшін белгілі деңгейде ағылшын тілін білуі шарт. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндіктер жоқ. Қазір жеке меншік репетиторлық және оқу орталықтары ақылы негізде  мамандандырылған мектептерге оқушыларды дайындау қызметін ұсынады. Алайда, еліміз бойынша табыс деңгейі ең төменгі көрсеткіштерге ие ауыл тұрғындары үшін балаларын ақылы курстарда оқыту  тіпті мүмкін емес", – деді ол.

Статистикаға сүйенсек, мамандандырылған мектептерге түскен ауыл мектептері оқушыларының үлесі соңғы 3 жылдың көрсеткіштері бойынша 8-25 пайыздың аралығында болса, Назарбаев зияткерлік мектептеріне түскен оқушылардың үлесі 8-9 пайыздан аспайды. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты ауыл балаларына мемлекеттік грант санын арттыруды ұсынды


Депутаттың дерегінше, 2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1,5 млн оқушының тек 2 915-і мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл ауыл мектептері оқушыларының жалпы санынан 0,2 пайызын ғана құрайды. Сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріну деңгейі де қала мектептеріне қарағанда әлдеқайда төмен. 

"Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Bilimland, Daryn.online және тағы басқа платформалары арқылы 5 236 ауылдық мектеп қосымша оқыту қызметтерін қолданады. Алайда, аталмыш мекемелердің мемлекеттік тапсырыс арқылы көрсетіп жатқан қызметтері толыққанды онлайн үлгіде емес. Бұл платформаларда негізінен таспаға жазылған видеосабақтар орналастырылған. Ал оқушыға қажеті – нақты уақыт режимінде онлайн үлгідегі тақырыбы өзекті, мазмұны үнемі жаңартылып отыратын қосымша сабақ", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: "Бакалавриат қайтарылады". "Болашақ" бағдарламасындағы үш өзгерісті ғылым министрі атады


Осы ретте депутаттар Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда:

  • Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеріп, ондағы дарынды балалардың мамандандырылған оқу ұйымдарында білім алуына мүмкіндік туғызу үшін оларға тегін немесе бюджет тарапынан субсидияландырылған қосымша онлайн курстар ұйымдастыру қажет; 
  • Ауыл мектептері түлектерінің Назарбаев университетіне немесе "Болашақ" халықаралық бағдарламасы аясында шетелдік ЖОО-ға қабылдауға дайындау үшін жекелеген пәндер бойынша тегін онлайн курстар ашу керек;
  • Онлайн курстардың жақсы нәтиже беруі үшін аталмыш қызмет түрін еркін нарықтағы бәсекелестік ортаға беріп, мемлекет және жекеменшік әріптестігі жүйесі аясында жүзеге асырған дұрыс;
  • "Дипломмен ауылға", "Жастар тәжірибесі", "Жастардың кадрлық резерві" бағдарламаларының толыққанды жұмыс істемеуінің салдарынан ауылдарда білікті, тәжірибелі мамандар жоқтың қасы. Қазіргі уақытта кезек күттірмейтін осы бағдарламаларды қайта жаңғыртып, мемлекет тарапынан жаңа жобалар жасап, бөлінетін қаржының көлемін екі есеге ұлғайту керек.
Серіктестер жаңалықтары