Соңғы екі күнде мамандар 60-қа жуық қанаттының өлексесін анықтаған. Барлығы қаладағы мұнай өңдеу зауытының аумағындағы "Сасық сай" булану алаңында табылды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Кеше санағанымда 55 дана өлексе, оның 7-еуі аққу болды. Қалғандары лысуха құстары. Қазір енді жүрген жолымызды қарап келе жатырмыз. Алып кеткен сияқты", – деді Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Мереке Шалқарова.
Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан арам қатқан құстардың бірнеше түрін байқауға болады. Шамамен 40-50 шақты қанатты әр жерде жатыр. Тіпті суда қалқыған аққудың да өлексесін байқауға болады. Жалпы каналға кәсіпорыннан шыққан техникалық су құйылады.
Оқи отырыңыз: Қарағандыда зообақ қызметкерлері арыстанның күшіктерін сатпақ болған
Осы оқиғадан кейін зауыттың аумағына экологтар, орман шаруашылығы инспекциясы, ветеринария басқармасынан құралған топ арнайы барған. Мамандар өлекселерді судан алып, сараптамаға жіберді. Әзірге құстардың неден қырылғаны белгісіз.
"Судың құрамында мұнайдың көрсеткіші бір литрге 1,8 миллиграм болуы керек. Содан жоғары болмауы керек. Ал біздерде 0,4-0,3 көрсетіп тұр. Су таза", – деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бөлім бастығы Нұрлан Ещанов.