Тікелей эфир

Атырауда 3 жыл бұрын 4 млрд теңгеге салынған саябақтың тоз-тозы шыққан

Жергілікті әкімдік жөндеу жұмыстарын жүргізуге байқау жарияланғанын хабарлады.

Атырауда 4 миллиард теңгеге салынған жастар саябағының тоз-тозы шыққан. Үш жыл бұрын ғана қолданысқа берілген демалыс орнында қиыршық тастар үгітіліп, жүгіртпе жол жарамсыз болып қалған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Саябақты жеке компания өз қаражатына салып, қаланың 380 жылдығына тарту еткен болатын. Тұрғындар дайын саябақты дұрыс күтіп ұстай алмаған әкімдікті кінәлайды.

"4 миллиард теңгеге салған екен. Қазір жүру өте қауіпті, балалармен қыдыра да алмайсың. Бұл ақшаға Түркиядағы сияқты мықты парктер салуға болады ғой. Сапасынан-ақ белгілі ғой. Ешқандай гүлдер де егілмеген", – дейді қала тұрғыны Динара Орынтаева.

Қаладағы өзеннің жағалауын бойлай 6,5 гектар жерді алып жатқан саябақ ерекше архитектуралық композициялармен, заманауи технологиямен жасалған субұрқақтармен жабдықталған еді. Алайда қазір қоғамдық орынның бүлінген жері көп. Айналасы қоқысқа толып, ойын алаңдары жарамсыз болып қалған. Ал әкімдіктегілер саябақтың кем-кетігін не себепті дер кезінде жөндемегенін түсіндірген жоқ. Тек мемлекеттік сатып алу аясында жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жариялағанын айтты.

"Уақыт өте келе ақау пайда болды. Десе де, біз бірден қалпына келтіруді бастадық. Қазір конкурс жарияланды. Мердігер анықтала сала, бәрі қалыпқа келеді, нақты тамызда тапсырамыз. Ал тұрғындарға қауіпті аймақтар қазір қоршауда", – деді Атырау қалалық түкш және тұрғын үй инспекциясының бөлім меңгерушісі Нұрбола Жанпейісов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары