Тікелей эфир

Атырау облысында шегіртке қаптап, шаруалар үкіметтен көмек сұрады

Жауаптылар шегірткенің қаптауына тасқын су мен аптап ыстық себеп екенін айтады.

Атырау облысында шегірткелер шаруалардың жұмысын тоқтатты. Қара құрттай қаптаған зиянкестер егістік алқаптарды жайпап, ауладағы бау-бақшаны да отап жатыр. Қазір бірнеше ауданда жағдай ушыққан. Дабыл қаққан шаруалар залалсыздандыру жұмыстарын күшейтпесе азық іздеген жәндіктердің қарқыны қатты дейді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

"Биылғы жылы бізге үлкен кедергі көрсетіп тұрған шегіртке ауданды басып алды. Сол шегіртке үлкен зиян әкеп тұр егінге. Кеше отырғызған қияр, сәбіз, пияз, қарбыздың бәрін жеп қойды. У шашылды, бірақ қайта пайда болды. Шегіртке әлі кетпей тұр. Қалай күресу керек білмейміз. Үкімет тарапынан көмек болса", – деді шаруа Сандуғаш Жармұхамбетова. 

Қала тұрғындары да шегірткелердің көптігіне шағымданып жатыр. Жауаптылар шегірткенің қаптауына тасқын су мен аптап ыстық себеп екенін айтады. Қазір өңірде жәндіктің италиялық және азиялық түрлері кең тараған. Биыл бұл шаруаға облыс бюджетінен 58 миллион теңге бөлінген екен.

"Саяқ шегірткелері 12 жылда бір рет қатты таралады. Биыл сол шарықтау шегіне келіп тұр. Екінші себеп – су тасқыны. Осының себебінен қалаған жақын жерлерге, елдімекендерге кіріп, қолайсыздық тудырып жатыр", – деді Атырау облыстық антисанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Хамидолла Дәулетқалиев. 


Оқи отырыңыз: Аптап ыстық пен өрт қаупі: 22 шілдеге арналған ауа райы болжамы


Мамандар шегірткелер далалық аймақта дернәсіл салатын жайлы мекен іздейтінін айтады. Яғни зиянкестер таңдаған жер – табиғи тыңайтқыш. Бірақ биыл шегірткеге азық болған жерге келер жылы шөп шүйгін шығады деген болжам бар.

Серіктестер жаңалықтары