Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 2019 жылы Атырау қаласындағы 25 мектептің ауласына спорт алаңын салуға 1 миллиард 300 миллион теңге бөлініп, құрылыс басталған. Бірақ, бірер ай өткенде жұмыс тұралап, кейін тіпті тоқтап қалған. Содан бері аяқсыз қалған құрылыс алаңындағы шашылып жатқан материалдарды мектеп қызметкерлері күзетіп отыр. Олардың айтуынша, мердігер ұшты-күйлі жоқ болып, төбе көрсетпеген.
"Тұрғындар ұрлық қыла ма деп құрылыс материалдарын мектеп жанына жинастырып қойдық. Біздің мектебімізге қатысты дүние болғасын, жауапкершілікке ие болып отырмыз", – дейді Бекмұхамедов атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Айнагүл Мажикова.
Спорт алаңдарының кейбірінің тек іргетасы қаланса, бірінің 50 пайызға жуық жұмысы істелген. 25 нысанның бәрінің құрылысы бір компанияға, яғни "ФирмаЛан" ЖШС-не берілген. Алайда бұл компания сенімді ақтамай, соңында әкімдік оны сотқа беріпті. Бірақ, сот пандемияға байланысты мердігерді сенімсіз деп танудан бас тартып, құрылыс жұмыстарын аяқтауына өкім еткен.
"Жосықсыз деп танудан бас тартылып, мекемені құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап тапсыруға үкім шығарған болатын. Кейін мердігер мекеме 25 мектептің 9-ы бойынша жұмыс жүргізді. Алайда биылғықаңтар айында жұмысты тоқтатты", – дейді Атырау қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Батыржан Мұсатаев.
Әкімдік мердігерді екінші рет сотқа бергенімен одан да нәтиже шықпапты. Дегенмен, тапсырыс берушілер осыған дейін компанияға 1 миллиард 300 миллион теңгенің 700 миллион теңгесін ғана аударған.
Мердігер компанияның өкілдері қазір құрылтайшылары ауысып жатқанын алға тартып, жұмысты 2022 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауға уәде беріп отыр.