Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесуде Жоғары білімнің қолжетімді болуы, білім сапасын арттыру, жаратылыстану және техникалық бағыттағы университеттерді күшейту аса маңызды екеніне тоқталды.
"Мен қыркүйектегі өз Жолдауымда осыған қатысты бірқатар міндет жүктедім. Менің бастамаммен Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Президент Атырауда мұнай қоймасын салуды тапсырды
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, облысқа бөлінген білім гранттарының толық игерілмейін сынға алып, бұл мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
"Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймағындағы жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ, осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Мен бұл туралы кеше Ақтауда да айттым. Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әкімдік құзырлы министрліктермен бірлесіп, осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.