Тікелей эфир

Аттестат пен дипломды қатар береді: Биыл Астанада алғаш рет эксперименттік білім бағдарламасына 270 оқушы қабылданады

Олар 1,5 жылдан кейін екі құжатты қатар алатын болады.

Барлық колледжде 15 тамызда педагогикалық және медициналық, 18 тамызда барлық басқа мамандық бойынша күндізгі оқу нысанына құжаттарды қабылдау аяқталады. Ал нәтижесі білім басқармасының сайтында жарияланады, деп мәлімдеді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев. 

"Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 10 317 орынға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға байланысты, оның ішінде 200 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда қаңтар-сәуір аралығында 8 957 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Яғни жаңа 112, ал жалпы 7167 орынға. Қыркүйекте қалған 1360 орынға байқау өткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылы мектепке дейінгі ұйымдар жанынан 500 орынға тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан қосымша ғимараттар ашылады", – деді Қасымхан Сенғазыев. 

Білім басқармасының мәліметінше, 2023 жылғы 17 тамыздан бастап Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының топтарын жаңа 2023-2024 оқу жылына жасақтау аяқталады. Бұдан әрі оқу жылы аралығында күн сайын жинақтау, орындарды босату жүзеге асырылады. 


Оқи отырыңыз: Астананың 28 мектебінде қазақ күресі пән ретінде оқытылады


"Қыркүйектен бастап Астана қаласының әкімдігі "Қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру туралы" қаулысын қабылдады. Аталған қаулыға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі", – деп қосты басқарма басшысы. 

Мұнымен қатар Қасымхан Сенғазыев 2023-2024 оқу жылына арналған "Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру" жобасы туралы айтты. Аталған жоба шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы 8 бағыт және 8500 орынға арналған сұранысқа ие 59 мамандық бойынша қалыптастырылды.

"Барлық колледжде 15 тамызда педагогикалық және медициналық оқу нысанына құжаттарды қабылдау аяқталды. 18 тамызда барлық басқа мамандықтар бойынша күндізгі оқу нысанына құжаттарды қабылдау тоқтайды. Бүгінгі таңда 11 937 өтініш қабылданды, оның 3332 – ақылы негізде, 8605 – мемлекеттік тапсырысқа, оның ішінде 9-сынып базасында – 7717, 11-сынып базасында – 782, қолданбалы бакалавриат – 106. Конкурс қорытындысы білім басқармасының сайтында 23 тамызда (9-сынып базасы), 25 тамызда (11-сынып базасы) орналастырылады", – деді басқарма жетекшісі. 

Биыл алғаш рет пилоттық жоба шеңберінде 10 және 11-сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүзеге асырылады, 270 адам қабылданады, олар 1,5 жылдан кейін табысты оқудан кейін екі құжат алады: Білім туралы аттестат және жұмыс біліктілігі берілген диплом.


Оқи отырыңыз: Балалар қауіпсіздігіне салғырт қараған 24 мекеме басшысы 5,4 млн теңге айыппұл төлейді


Оқу жылының басынан бастап колледждерде нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша 607 студент оқуды бастайды, оқу аяқталғаннан кейін Астана қаласының 44 кәсіпорнында жұмысқа орналасатын болады. 

Серіктестер жаңалықтары