Тікелей эфир

Ата-ана енді мектеп асханасын бақылай алады. Ережеге қандай өзгерістер енгізілді?

Бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермеуі тиіс.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

"Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарт жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және тағы басқалары қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылады", – деп жазды министр.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермейді. Сонымен қатар енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді.

"Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, сонымен бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ата-аналар тамақтану сапасын бағалай алуы үшін тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы енгізіледі.


Оқи отырыңыз:


Сонымен қатар балабақшаларда, балалар үйлерінде сатып алу туралы шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі көзделген. Бұл балаларды үздіксіз тамақпен қамтамасыз ету үшін қажет. Ол боынша жергілікті атқарушы органдар инфляция деңгейін ескеруге тиіс.

"Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты қаңтар айында мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, мысалы, картоп 100 теңге тұратын келісімшарт жасалған жағдайлар жиі кездеседі. Кейін бірнеше ай өткен соң жеткізуші тауарды жеткізуден бас тартып, нәтижесінде ұйым азық-түліксіз қалады. Сот процедурасына енгізілген жосықсыз жеткізушілердің тізімі бар екені түсінікті, бірақ көптеген жеткізуші мұны елемейді, сөйтіп жаңа ұйым ашылып, жұмысын жалғастыра береді. Бірақ бұл уақытта балабақша бүлдіршіндерді тамақпен қамтамасыз ете алмай отырады. Енді жаңа норма бойынша әкімдіктер мұндай жағдайларда осы өнімдердің орташа бағасына сәйкес ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қосымша келісім жасайды", – деп жазды министр.

Бұл ережелер келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сонымен қатар министр Алматыда мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталғанын атап өтті. Ол қаланың үш мектебінде іске қосылды. Сондай-ақ мектеп ас мәзірін қалыптастыру тәсілдерін жаңарту жұмыстары да басталғанын мәлімдеді.

Серіктестер жаңалықтары