2025 жылға қарай студенттердің шәкіртақысы – екі, ал магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есеге дейін өседі, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
"Енді мемлекеттік университеттер жалақы шығындары, жөндеу жұмыстары және материалдық-техникалық базаны жаңартуға бюджеттен қаржы сұрай алмайды. Бұдан өзге студенттердің шәкіртақысы екі есеге жуық, 2025 жылға қарай тағы да 2 есе өседі. Ал магистранттар мен докторанттардың жалақысы 1,5 есе өседі", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр отандық университеттердің барлығы жан басын қаржыландыру жүйесіне көшкенін мәлімдеді. Яғни университетті қанша талапкер таңдаса, оған мемлекет тарапынан сол көлемде грант пен қаржы бөлінеді.
"Бұдан былай мемлекеттік ЖОО-лар жалақы, материалдық базаны жаңарту және жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен тікелей қаражат алмайды. Жекеменшік ЖОО-лар сияқты студенттер таңдауына сай жан басына қаржыландырылады. Елде 28 мемлекеттік оқу орнының акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, корпоратив басқару жүйесіне көшкені белгілі. Осы өзгерістің арқасында шешімді директорлар кеңесі қабылдайды", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Ал ректор директорлар кеңесі қабылданған шешімдерді іске асырады.
Еске салсақ, Асхат Аймағамбетов ұлттық ғылыми кеңес құрамының жартысынан астамы ғалымдар болатынын мәлімдеген еді. Бұрын кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын.