
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтін жекеменшік мектептерде мұғалімдердің жалақысы кешіктіріліп жатқанын жазды. Депутаттың сөзінше, кей мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмаған.
"Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектептер, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: 40 миллион теңге: Алматы облысында мұғалімдер 6 ай жалақы алмаған
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілген және жағдайдың биыл одан әрі нашарлау қаупі бар.
"Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді", – деді мәжіліс депутаты.
Оқи отырыңыз: Оқушылар мектепте ағылшын тілін оқыса да, неге еркін сөйлеп кетпейді? Сарапшы жауабы