Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы оқу жылында мектеп формасын кию туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы ведомство басшысы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы туралы мәселе өзекті болады. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ, өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып оқушыларға мектепке тек мектеп формасында емес, сонымен қатар, классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Мектеп формасы алдағы оқу жылында міндетті бола ма? Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Ведомство басшысы ата-ана, мұғалім, мектеп әкімшілігі және білім басқармасы басшыларының көбісі мектеп формасын жақтайтынына тоқталды.
"Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында емес, сонымен қатар, классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек келесі оқу жылы үшін қабылданды", – деді министр.
Еске салсақ, мектеп формасын тігетін қазақстандық 50 фабрикада 5 мың адамның жұмыстан қысқарғаны туралы хабарлаған едік. Қоймаларда мектеп формасының 500 мың комплекті сақтаулы тұр.