Тікелей эфир

Астанадағы республикалық бас мешітте балалар алаңы ашылды

Балалар алаңы арнайы ойын құрылғысымен, ойыншықтармен жабдықталған.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық бас мешітте "Дін мен дәстүр" орталығы мен балалар алаңының ашылуына қатысты.

Жартылай киіз үй тігіліп, түрлі ұлттық жәдігерлермен жабдықталған орталық бөлмесі бір мезетте 120 адамға дастархан жайып, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуге арналған.

"Дін мен дәстүріміз бір-бірінен ажыратуға келмейтін дүниелер. Мұны жан-жақты насихаттау мақсатында қазіргі таңда мешіттеріміздің аумағынан киіз үйлер тігіп, алтыбақандар орнатып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жан-жақты насихаттап келеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да негізгі басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі – дін мен дәстүр. Сондықтан Бас мешітте ашылып жатқан бұл орталықтың да көздегені дінмен жымдасып жатқан салт-дәстүрімізді халыққа кеңінен насихаттау болмақ", – деді бас мүфти.

Фото muftyat.kz

Бас мешіттегі балалар алаңы арнайы ойын құрылғысымен, ойыншықтармен жабдықталған. 

"Әл-Фараби бабамыз "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" дейді. Аллаға шүкір, балаларымыздың білім алуына барлық мүмкіндік бар. Мешіттеріміз, ағартушы имам-ұстаздарымыз бала бойында заманауи біліммен бірге рухани ілімді де қалыптастыру үшін қызмет жасап жатыр. Оның айғақтарының бірі – бүгінгі ашылған "Дін мен дәстүр" орталығы, мына балалардың ойын алаңы. Балалық шақтан бастап мешіт тәрбиесін алған баладан еліне, халқына жанашыр азаматтардың шыққанына тарих куә. Сондықтан баршаңызды балаларымыздың осы рухани тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырамыз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары