Тікелей эфир

Астанада құлағы мен тілі мүкіс такси жүргізушісіне тіл тигізген адам 15 тәулікке қамалды

38 жастағы ер адам бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Саңырау әрі мылқау такси жүргізушісіне тіл тигізген Астана тұрғыны 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды елорда сотының баспасөз қызметі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде екі жолаушы отырған таксидің ішінен видео тараған болатын. Алдыңғы орындықта отырған ер адам жүргізушіні балағаттай бастаған. Кейін жүргізушінің саңырау және мылқау екені белгілі болды.

Жолаушы қамауға алынды, оған қатысты істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты қарады. 38 жастағы ер адам бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

"Сотталушы өз әрекетімен қоғамға сыйламаушылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Сот отырысы барысында ол өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінді. Жәбірленуші сурдоаудармашының көмегімен ер адамның телефонды қуаттандыратын сымды талап еткенін, одан кейін оны балағаттап, әдепсіз сөздер айта бастағанын түсіндірді. Жүргізуші өзінің денсаулық жағдайына байланысты жолаушыға өзінің денсаулық жағдайын түсіндіре алмай, көлікті тоқтатқан", – деп атап өтті сот.


Оқи отырыңыз: Үйінде не жеке көлігінде балағат сөз айтқандар айыппұл арқалай ма?


Сот жолаушыны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Серіктестер жаңалықтары