Тікелей эфир

Астанада бос жұмыс орны жәрмеңкесінде екі мыңға жуық орын ұсынылды

Аталған жәрмеңкеде жұмыс іздеуші жастармен қоса жоғары курстың студенттері іс-тәжірибеден өту үшін мекемелермен келісім жасады.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге 70 шақты мекеме қатысып, 2 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – биыл өткізілген алтыншы іс-шара.

"Жыл аяғына дейін бұл жәрмеңкелердің саны онға жуықтайды. Алдыңғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 200 жас жұмыспен қамтылды. Осы жолы мыңға жуық жұмыс іздеуші келіп отыр. Біз екі апта бұрын жұмыс берушілерге хабарласып, қандай бос жұмыс орнын ұсына алатындарын сұрап-білдік. Қазір университет алаңында мемлекеттік мекемелерден бастап, жеке кәсіпкерлік өкілдеріне дейін қатысып, мамандардан түйіндемелер қабылдап, әңгімелесуде", - деді Астана қаласы әкімдігінің "Астана жастары" ЖРО" КММ маманы Әсел Болатқызы.

Аталған жәрмеңкеде жұмыс іздеуші жастармен қоса жоғары курстың студенттері іс-тәжірибеден өту үшін мекемелермен келісім жасады.


Оқи отырыңыз: Миллион теңге жалақы ұсынатын 3 бос жұмыс орны. Электронды еңбек биржасына шолу.


"Осы білім ордасынан жылда 5 мың түлек бітіріп шығады. Сол студенттеріміз мамандығына сай жұмыс табуы үшін университетіміздің алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің өтуі – үлкен көмек. Университетімізде мұндай іс-шара жыл сайын екі мәрте өткізіліп тұрады. Түйіндемелерін әкеліп, жұмыс берушілермен сұхбаттасады. Әр жәрмеңкеде жүмыс іздеуші жастардың шамамен 20-30 пайызы мамандықтарына сай жұмыс тауып жатады", - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің карьера және бизнес әріптестік бөлімі басшысы Гүлнұр Смағұлова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңертең 11.00-де басталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 2-3 сағатқа созылады.

Серіктестер жаңалықтары