Әскерден мерзімінен бұрын үйіне оралған Ордабек Түймебаевты әке-шешесі алты айдан соң психитарияға жатқызған. Бұл аралықта жас жігіттің мінезі өзгеріп, жеке заттарын жоғалтып, үй дегі дүниелерді өртейтін әдет шығарған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ордабектің әкесі Алмахан Балықбаевтың түсіндіруінше, ұлы өткен жылы қараша айында Алматыдағы 7552 әскери бөліміне аттанғанда денсаулығында кінәрат болмапты. Алайда жарты жылдан соң оны әскери қызметтен мерзімінен бұрын босатып, үйіне әкеліп тастаған. Біраз уақыт өткенде Ордабектің мінез-құлқы құбыла бастапты.
"Балам оқта-текте "Ақша сұраумен болды. Ақша болмаса, төрт-бесеу болып тепкілейді" деп айтып қалатын", – деді Алмахан Балықбаев.
Ұлының жағдайы күн өткен сайын ушыға түскен соң, әке-шешесі Нұр-Cұлтан қаласындағы психитариялық ауруханаға жатқызуға мәжбүр болған. Қазір ол он күннен бері осында ем алып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақтауда әскерге аттанған сарбаз туған әкесін танымай қалды
Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілдері сарбазға ешқандай қысым көрсетілмегенін айтады. Олардың сөздерінше, Ордабек әскерде жүрген алты айда үнемі дәрігерлердің бақылауында болыпты. Өйткені, алғашқы аптада-ақ оның ерсі қылықтарын байқаған. Сондықтан арнайы мамандардың көмегіне жүгінген.
"Ұрып-соғу болған жоқ. Егер мұндай күдіктері болса, құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Олар бәрін тексереді. Кінәлі адамдар анықталса, жауапкершілікке тартылады", – деді Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы басшысының орынбасары Ниязтай Әлкешов.
Оқи отырыңыз: Әскердегі сарбаздарға онлайн-курстар ұйымдастырылады
Шенді қатардағы жауынгердің денсаулығында кінәрат барын ата-анасы әу баста-ақ білгенін айтады. Соған байланысты үнемі хабарласып, жағдайын сұрап отырыпты.