Тікелей эфир

Әшімбаев: Миллиардтаған қаржы бөле тұра осындай төтенше жағдай қайталанса, оған бәріміз жауапты боламыз

Басталған тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша да бірқатар іс-шара іске асырылмақ.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін айқын көрсетіп бергенін айтты. 

"Егер осындай алапат өртпен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрсақ, мәселе басқаша болар еді. Бірақ бізде мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып отыр. Күзде ғана Қостанай облысында үлкен өрт болды. Салдарынан 40 мың гектарға жуық жер өртеніп кетті. Соған байланысты президентіміз тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеді. Оны орындау үшін үкімет ауқымды жұмысты қолға алдық деп есеп те берді. Бірақ Абай облысындағы оқиға бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, тиісті құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіптің жоқ екенін көрсетті", – деді Мәулен Әшімбаев.

Соған байланысты сенат төрағасы қазір осы бағытты түбегейлі өзгертетін уақыт келгенін, алдағы уақытта тиісті бағдарлама мен басқа да қажетті шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Басталған тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша да бірқатар іс-шара іске асырылмақ.


Оқи отырыңыз: Қарағанды университеті Семей орманындағы өрттен қаза тапқандардың балаларына 10 грант ұсынды


"Біз осы мәселені келесі жылдың бюджетін қарау кезінде де назарда ұстаймыз. Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін құрылымдарды қаржыландырудың маңызы зор. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай, дұрыс жұмсалуын бақылауымыз керек. Егер біз осы бағдарламаны қабылдап, күзде оған миллиардтаған қаржы бөлсек, бірақ келесі жылы осындай оқиға тағы қайталанып жатса, онда оған бәріміз жауапты боламыз. Сондықтан сенаторлар бұл мәселе үнемі өз бақылауында ұстайды", – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Серіктестер жаңалықтары