Тікелей эфир

"Асфальтті қолмен жайған". Қызылордада 76 млн теңгеге салынып жатқан жол сапасына тұрғындардың көңілі толмайды

Келісімшарт бойынша, жолдың жөндеу жұмыстары алдағы 5 күн ішінде аяқталуы тиіс.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында бюджеттің 76 миллион теңгесіне салынып жатқан жолдың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Олардың айтуынша, бірде-бір техникасы жоқ мердігер жолдың кей тұсына не битум, не тас салмастан асфальт төсеп тастаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Ақсу ауылының тұрғындары жол сапасын басшылардың бір де бірі бақылауға алмаған соң, өздері тексеріп жүр. Өйткені аудан орталығымен байланыстыратын жолдың жөнделуін көпшілік ұзақ күткен. Бірақ, олардың айтуынша, бір жарым ай бұрын басталған құрылыс жүйесіз жүргізіліп жатыр.

"Мердігердің ешқандай техникасы жоқ. Смоланы техникамен төгу керек. Олар 200 литрлік бочкамен әкеліп, 2,5 шақырымға қолдан төгіп келе жатыр", – деді Сәкен есімді ауыл тұрғыны.


Оқи отырыңыз: "Бірнеше жол апатына себеп болды". Қызылорда облысының тұрғындары қалаға аса қауіпті жолмен қатынап жүр


Ал ауданмен ауылды байланыстыратын жолдың орташа жөндеуіне бюджеттен 76 миллион теңге қарастырылған. Мердігерге мұның 20 миллион теңгесі аударылып қойған. Жол салушылар құрылысты барынша сапалы жүргізіп жатқанын айтты.

"Ойықтарды жөндеу жұмысы болғандықтан, ол жерге қолмен құйылады. Кішкентай тесіктерге техникамен құя алмаймыз ғой. Қиыршық тас-құм қоспасын төсеп, жұмысымызды бітіріп отырмыз. Жабу ғана қалып тұр. тапсырыс беруші қалған қаражатты алып келсе, асфальтты жайып тастаймыз", – деді "Транссервис" ЖШС инженері Тимур Әбдірайымов.

Келісімшарт бойынша, жолдың жөндеу жұмыстары алдағы 5 күн ішінде аяқталуы тиіс. Аудан әкімдігіндегілер әзірге тек жұмыстың 28 пайызы ғана орындалғанын айтып отыр. Құрылыс мерзімінде аяқталмаса, тапсырыс беруші мердігерді сотқа бермек. 

Серіктестер жаңалықтары